Күні кеше Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар Тараз қаласының төрінде дүркіреп тұрып өтті. Күллі Қазақстан халқы көз тіккен, Қазақ елінің жайсаңдары мен қасқалары бас қосқан мерейтойда қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұлық мерекеге арнап үлкен сый тарту етті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ж.Ерғалиев «Қилы жол» қойлымын Тараз қаласындағы ашық аспан астындағы Орталық стадионда сахналады. М.Әуезов театрының директоры Ерлан Біләл бастаған театр ұжымы және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі жарты ай көлемінде Таразда «Самал» емдеу-сауықтыру орталығында жатып, спектакльге дайындық шаруаларымен айналысты. «Самал» емдеу-сауықтыру орталығы қонақтарымызға зор құрмет көрсетіп, ұжымдардын жоғары бағаға ие болып алғыс алды.